Өзбекстанның оңтүстігінде орналасқан «Термез» өңірлік полигонында биыл 17-24 қараша аралығында Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің бірлескен «Hamkorlik-2021» оқу-жаттығуы өтеді, деп хабарлады Elorda.info Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Бірлескен маневрлердің мақсаты – бірлескен тапсырмаларды шешуде бауырлас екі елдің өзара іс-қимылы мен үйлесімділік деңгейін арттыру.
Еліміз тарапынан оқу-жаттығуға 100-ден астам әскери қызметші қатысып, Су-30СМ көпфункционалды жойғыштар буыны, С-295 әскери-көліктік ұшақтар, тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылады.
Қазақстан бөлімшелері орындайтын оқу-жауынгерлік тапсырмаларының қатарына іздеу-барлау операцияларын жүргізу, қарсыластың тәжірибелі жасақтарын жою кезінде жауынгерлік қорғау бөлімшелерінің іс-қимылдарын пысықтау, шабуыл жасап заңсыз қаруланған құрылымдарды жою, ұрыс алаңынан жаралылар мен істен шыққан техниканы көшіру кіреді.