Нұр-Сұлтан 27.8°
×
08.11.2021, 13:00
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Құдасының сейфін ұрлаған ағайындылар сотталды

Түркістан облысында құдасының сейфін ұрлаған ағайындылар сотталды, деп хабарлады Elorda.info.

Құдасының сейфін ұрлаған ағайындылар сотталды

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Жангелді Ешманов кәсіби шеберлігін, 10 жылға жуық тәжірибесін қолдана отырып, құдасының үйіне ұрлыққа түсіп, ішіндегі бағалы заттары бар сейфін жымқырған екі ағайындының кінәсін дәлелдеді. Ол аталған үш томдық қылмыстық істі айыптау актісімен сотқа жолдады. Нәтижесінде қылмыскер ұрылар сотталды.

Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз біреулер үйіне ұрлыққа түскенін хабарлаған. Ер адамның айтуынша, үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланған ұрылар, оның жатын бөлмеде тұрған түрлі алтын бұйымдары мен 11 мың АҚШ доллары салынған сейфін ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Хабар алысымен жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізіп, жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан сұрастырды. Сондай-ақ бейнебақылау камераларын тексерді. Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері “Жау алыстан келмейді” деген болжаммен отбасының таныстары мен туыстарынан жауап алды. Полицейлердің болжамы нақтыланып, осы ұрлық қылмысына күдікті ретінде жәбірленуші отбасының туыстары, яғни ағайынды екеу құрықталды. Оның біреуі бұрын сотты болған. 

Тергеуші өз сөзінде:

– Күнделікті жұмысымызда түрлі оқиғалармен бетпе-бет келіп, қылмыскерлермен кездесіп жатамыз. Ал бұл сейф ұрлығы жайлы айтатын болсам, ағайынды екеу өзара ақылдасып, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Алдын өздері бірнеше рет барып жүрген алыс туыстарының үйінде ешкім жоқтығын біліп, жымысқы әрекеттерін іске асырған. Осы мақсатта күдіктінің кішісі жәбірленушінің ауласындағы қоршаудан секіріп түсіп, үйдің терезесін бұзып, ішіне кірген. Содан ағасын көмекке шақырып, екеуі жатын бөлмедегі ауыр сейфті көтеріп әкетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Қолды еткен затты ауыл сыртына апарып ашып, ішіндегі түрлі алтын бұйымдар мен ақшаны алып, сейфті сол жерге лақтырып кеткен. Осылайша алтындарды үйлеріне жасырып, ақшаны бас пайдаларына жаратып жіберген. Осы қылмыс бойынша бір айдан астам уақыт тергеу жүргіздік. Соңында іс сотқа жолданып, заңды үкімі шықты. Атап өтсем, соттың үкімімен бұрын сотты болған 30 жастағы күдікті ҚР ҚК-нің 188-бабымен кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның 32 жастағы ағасына төрт жыл жеті ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, – деп атап өтті.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері