Нұр-Сұлтан 26.7°
×
28.10.2021, 17:45
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елорда 1 желтоқсаннан бастап цифрлық телевизияға толығымен көшеді

1 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтанда аналогты телевизияны толығымен өшіру жоспарланған, деп хабарлайды Elorda.info.

Елорда 1 желтоқсаннан бастап цифрлық телевизияға толығымен көшеді

Қазақстан 2018 жылдан бастап аналогты телевизияны толық өшіре отырып, цифрлық эфирлік телехабар таратуды кезең-кезеңмен енгізу жөніндегі жоба іске асырылып келеді. Қазірдің өзінде еліміздің бірқатар облыстарында ескірген телехабар тарату 100% өшірілді. Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары сапалы цифрлық телевизияны еркін, сенімді қабылдау мүмкіндігіне ие.

Жобаны іске асырудың төртінші кезеңі аясында биылғы 1 желтоқсанға дейін Нұр-Сұлтан қаласында аналогты телевизияны толығымен өшіру жоспарлануда. Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі арқылы астана тұрғындары мен қонақтарына цифрлық сапада 25 телеарна қолжетімді, атап айтқанда: «Qazaqstan», «Хабар HD», «Хабар 24», «BALAPAN», «Ел Арна», «Kazakh TV», «ABAI TV», «Бірінші канал Еуразия», «Астана», «Qazsport HD», «МИР», «КТК», «НТК», «Жетінші канал», «31 канал», «СТВ», «Almaty», «TALIM TV», «ATAMEKEN BUSINESS», «Тұран ТВ», «Hit TV», «Gakku Media», «MuzLife», «Той думан» және «Новое телевидение».

Цифрлық телевизия мен аналогты телевизияның айырмашылығы неде, оның жауабы айқын. Қазақстандықтар цифрлық ТВ-ға көшкенде бұрынғыдан анағұрлым көп арналарды көре алады. Сонымен қатар, ЦЭТВ кескін пен дыбыстың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. Мұнда «аналогтан» айырмашылығы, кескін үзілмейді, дыбыс жоғалмайды. Бұл жерсеріктік немесе кабелдік телевизиямен бірдей, бірақ олардан цифрлық эфирлік хабар тарату тегін болуымен ерекшеленеді.

Оған қосылу үшін абонент өз теледидарының DVB-T2 цифрлық тарату стандартын қолдайтынына көз жеткізіп, тек дециметрлік антенна қосуы керек. Егер теледидарлар DVB-T2 стандартын қолдамайтын болса, онда цифрлық сигнал қабылдағыш сатып алуға тура келеді.

Аналогты телевизияны толық өшіре отырып, цифрлық эфирлік телехабар таратуға көшу жөніндегі жобаны іске асыруды аяқтау мақсатында Қазақстанның барлық аумағы бойынша 827 цифрлық радиотелевизиялық станция салу және жаңғырту жоспарлануда. Бүгінгі күні 546 радиотелевизиялық станция пайдалануға берілді, осылайша, халықтың 91,11%-ының цифрлық телевизияға кепілді түрде қол жеткізуін қамтамасыз етуге жол ашылды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері