×
25.01.2023, 17:49
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Астанада «Өңірлік мерзімді басылымдар» атты форум өтіп жатыр

Басқосуда «Масс-медиа туралы» заң жобасын жетілдіру сөз болды

Астанада «Өңірлік мерзімді басылымдар» атты форум өтіп жатыр

Бүгін Астанада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Өңірлік мерзімді басылымдар» атты форум басталды, деп хабарлады Elorda.info.

Дискуссия алаңында медиа саласының сарапшылары, аймақтардағы медиаменеджерлер мен мерзімді басылымның бас редакторлары бас қосып, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын жан-жақты талдап, тығырықтан шығу жолын талқылады.

Басқосуда «Масс-медиа туралы» заң жобасын жетілдіруде журналистердің белсенді араласуы да сөз болды.

Бірінші панельдік отырыс «Жаңа жағдайдағы баспа БАҚ» тақырыбына арналып, елге белгілі қаламгерлер мен медиахолдинг басшылары газет-журналдарды бәсекеге қабілетті етуде өз тәжірибесімен бөлісті. Ал «Баспа ісі – шындықтың күші» атты панельдік отырыста әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай газет пен гаджетті үйлестіре дамытудың жолын саралап, ақпарат таратуда әлеуметтік желінің орнына тоқталды. Аймақтық газеттерді дамытудың жолын ұсынды.

Интеллектуалдардың пікірталас платформасында Батыстың бағыт-бағдарын үлгі еткен спикерлер де, басылымды ұлттық идеологияның құралы етуді ұсынған спикерлер де болды. Қысқасы, әртүрлі көзқарасты ұстанған медиа мамандар түрлі концепция ұсынып, форумның маңызын арттыра түсті.

Форумның пленарлық отырысына Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қатысып, отандық журналистиканы дамыту тетіктерін ортаға салды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері