Elorda.info

Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін білесіз бе?

Мұз астынан балық аулаған кезде от жағуға рұқсат етілмейді

Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін білесіз бе?

Күн суытып, аяз басталған уақытта су айдындары мұз болып қата бастайды. Бұл кезең – сырғанақ тебетін балалар мен қармақ салатын балықшылар үшін қауіпті. Тіпті бір жағадан екінші жағаға әрлі-берлі төтелеп жүретін жүргіншілердің, мұз ойылып кетіп, суға кететін жағдайлары жиі болады. Осы орайда елордалық құтқарушылар мұз үстінде жүру ережелерін түсіндіріп берді, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Кешкі немесе түнгі суықта қатқан мұз берік болса да, күндіз ол белгілі мөлшерде еріп, өз тығыздығын жоғалтады. Астана қаласының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Аңсар Балташевтың сөзінше, тұрақты аяз басталғанға дейін мұз қатпайды.

Жуырда елордада 11 жастағы бала мұз бетінде тұрған мысыққа барамын деп өзі суға түсіп кетті. Жағада серуендеп жүрген қала тұрғыны баланы байқап, оны құтқарып қалды. Бұл күн суытқалы елордадағы алғашқы жағдай болып тіркелді. Қазіргі таңда мұздың қалындығы 7 см шамасында. Ережеге сәйкес, адамның мұзда қауіпсіз жүрудің негізгі шарты – мұз қалыңдығының қоса берілген жүктемеге сәйкестігі. Бұл ретте мұздың қауіпсіз қалыңдығы бір адам үшін 10 сантиметрден кем емес болуы,  спорттық және мерекелік іс-шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін 25 сантиметрден кем болмауы қажет, - деді Аңсар Балташев.

​Мұздың қалындығын түсі бойынша анықтауға болады. Егер мұз көк болса, ол берік. Ақ түсті мұздың беріктігі екі есе аз болса, күңгірт ақ немесе сарғыш болса, мұзға шығуға болмайды. Мұздың үстінде қар жатса, оның қалыңдығын білу қиын. Сол себепті қар жатқан мұз үстіне шығуға болмайды. Сұхбат барысында Аңсар Балташев мұз үстіне түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейтінін еске салды.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қыс кезеңі басталмас бұрын Жедел құтқару жасағының күштері мен жедел-құтқару құралдары дайындыққа көшірілді. Күн сайын құтқарушылар мен қоғамдық қызметкерлер елорда су айдындарында оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында профилактикалық және практикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылады, - деді Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері.

Бұл кезеңде қармақ салатын балықшылар үшін де арнайы ереже бар. Балық аулауға  жеке құтқару құралдары болған кезде ғана мұз астынан балық аулауға рұқсат беріледі. Балықшының өзімен бірге ысқырық, құтқару шильцасы, құтқару кеудешесі, диаметрі кемінде 11 миллиметр, ұзындығы кемінде 12 метр жіп, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін пакеттегі ұялы телефон болуы керек. Мұз астынан балық аулаған кезде шектеулі алаңда екіден артық шұңқыр тесуге және от жағуға рұқсат етілмейді.

АҚПАРАТ АҒЫНЫ

Әлеумет