×
18.11.2022, 20:51
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Қызылордалық медицина қызметкерлеріне 20 жедел жәрдем көлігі табысталды

Ал келер жылы 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы басталмақ

Қызылордалық медицина қызметкерлеріне 20 жедел жәрдем көлігі табысталды
Фото: дереккөз

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев медицина қызметкерлеріне салтанатты түрде 20 жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады. Көліктердің басым бөлігі - ауылдық елді мекендерге бағытталады, деп хабарлады Elorda.info облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аймақ басшысы дәрігерлерді құттықтап, Сыр өңірінде медицинаның ілгері дамуына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. 

Біле білгенге, жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін әрбір дәрігердің адам өмірін сақтап қалуда еселі еңбегі зор. Түрлі тосын жағдайларға тап болып, жол көлік оқиғасында зардап шеккен жолаушыларға мезетінде көмек беру – олардың басты ұстанымы. Бұл ретте сала мамандары үшін заманауи үлгідегі автокөліктердің қажеттілігі бар. Себебі соңғы жылдары жедел жәрдем автокөліктерінің басым көпшілігі ескіріп, талап үдесіне сай келмеуде. Бүгін, міне, тұрғындардың талап-тілектерін ескере келе, кәсіпорынға заманауи үлгідегі 20 жедел жәрдем реанимобилі табысталады. Жергілікті бюджеттен 1 қызметтік автобус пен арнайы техника да беріледі, - деді Н.Нәлібаев.

Іс-шарада қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов әріптестерін құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Ал, жаңа көлікті тізгіндеген мамандар бұл игілікті іске алғысын білдірді. 

Реанимобильдер «Өнеркәсіпті дамыту» қорымен лизинг арқылы алынды. 

Айта кетейік, биыл Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 80 мыңнан аса халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты іске қосылса, амбулаторияға деген қажеттілігі бар Арал ауданы Тастүбек және Қазалы ауданының Жұбан елді мекендерінде 2 медициналық бекет пайдалануға берілді.

Сонымен қатар тамыз айында шаһардың сол жағалауынан құны 2,7 млрд теңгені құрайтын облыстық Қан орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. 

Мұнан бөлек, алдағы 2 жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында құны 9,7 млрд теңгеге 27 жаңа нысан салынады. Оның басым бөлігі дәрігерлік амбулатория болмақ. 

Ал келер жылы 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы басталмақ. Жұмысты жүргізу үшін келер жылға республикалық бюджеттен 750 млн теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері