×
30.09.2022, 19:13
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

«Қазақ картасы» жобасы этникалық қазақтарды қолдайды

1991 жылдан бастап бері 1 млн 99,1 мың этникалық қазақ қоныс аударған

«Қазақ картасы» жобасы этникалық қазақтарды қолдайды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлымен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.

Кездесу барысында «Отандастар» қорының басшысы ұйымның жұмысымен таныстырып, атқарып жатқан жобаларымен бөлісті. «Отандастар» қоры – шетелде тұратын отандастардың және Қазақстанға көшіп келген қандастарға қолдау көрсететін ұйым.

А.Сапарбекұлының айтуынша, бүгінгі күні қор шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау үшін түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп, қазақ тілін үйрету мен білім беру саласын дамыту, отандастарға ақпараттық қолдау көрсету бойынша көптеген істер атқаруда.

Жыл сайын Қазақстанға мыңдаған қандастар қоныс аударып келуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан көшіп келген қандастарға белсенді мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Қандастарға қоныс аударуға, тұрғын үйді жалға алуға субсидия беріліп, сонымен қатар жұмыспен қамту және басқа да көмектер қарастырылған.

Тамара Дүйсенова этникалық қазақтарды қолдау мақсатында министрлік «Қазақ картасы» жобасын бастағаны жөнінде атап өтті. Жоба аясында кез келген елдегі этникалық қазаққа Қазақстанда өзінің кәсібін ашуға және өз азаматтығын сақтауға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, 10 жылға дейін уақытша тұруға виза беру қарастырылған.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері Қазақстанға 11 165 этникалық қазақ оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 99,1 мың этникалық қазақ қоныс аударды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері