×
26.09.2022, 17:52
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

«Әскери баспана» бағдарламасы бойынша іріктеуден өткендердің тізімі шықты

Негізгі тізімге 1380 адам, резервтік тізімге 276 адам енген

«Әскери баспана» бағдарламасы бойынша іріктеуден өткендердің тізімі шықты
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін «Отбасы банк» («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Әскери баспана» бағдарламасына қатысушыларды іріктеу бойынша қорытындыларын жариялады, деп хабарлады Elorda.info Отбасы банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғын үй төлемдерін алушылар өз мәртебесін Baspana Market (otbasybank.kz) жылжымайтын мүлік порталында көре алады. Негізгі тізімге 1380 адам, резервтік тізімге 276 адам енген. Егер негізгі тізімдегі үміткер бағдарламаға қатыса алмаса, оның орнын резервтік тізімдегі үміткер алады, - делінген банк хабарламасында.

«Әскери баспана» бағдарламасы қатысушыларының пулына арнайы салымдарына тұрақты түрде қаражат жинап жүрген тұрғын үй төлемдерін алушылар енген.

Негізгі тізімге енгендер 2022 жылдың 10 қазанынан бастап несиеге өтініш бере алады. Маңызды артықшылығы – енді бағдарламаға қатысушыларға баспана іздеуге, оны бағалатуға және несиеге өтінім беруге тура бір жыл уақыт беріледі. Яғни, 2023 жылдың 9 қазанына дейін тұрғын үй төлемдерін алушылар асықпай, байыппен өздеріне ыңғайлы елді мекеннен жайлы баспана таңдап, оны қолжетімді шарттармен несиеге сатып ала алады.

Биылғы жылдан бастап «Әскери баспана» бағдарламасының шарттары бойынша, тек жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Бұл пайдалануға берілген тұрғын үй немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үйден таңдалған пәтер болуы мүмкін.

Жаңа тұрғын үй сатып алғанда, тұрғын үй төлемдерін алушылар бірқатар артықшылықтарға ие болады:

- баспананың қабырғалары биік, асханасы үлкен, пластикалық терезелермен жабдықталған, заманауи стандарттарға сай салынған болады;

- тұрғын үй кешені жаңа инженерлік тораптармен жабдықталған болады;

- пәтерлердегі бөлмелердің орналасуы бірегей болады, яки үй-жайды өз еркіңізбен жоспарлауға мүмкіндік бар;

- жаңа үйдің бірінші меншік иесі боласыз;

- құрылыстың бастапқы кезеңінде тұрғын үйді төмен бағаға алуға болады.

Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгерген жоқ. Ең төменгі қажетті жинақ сомасы 15%-ға тең. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 8% (ЖТСМ 8,3%-дан бастап). Несие мерзімі – 25 жылға дейін. Несиенің ең жоғарғы мөлшері – 50 млн теңгеге дейін.

Тұрғын үй төлемдерін алушыларға несие рәсімдеу үшін жұмысынан қол үзіп, банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Қатысушылар несиеге өтінішті онлайн, консьерж-ипотека қызметі арқылы жолдай алады. Ол үшін otbasybank.kz сайтына кіріп, «бейне қоңырау» батырмасын басу қажет. Бейнебайланыс операторы өтінішті қабылдап, оны ипотека алуға дейін жеткізеді.

 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері