×
16.08.2022, 13:02
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Аз қамтылған отбасынан шыққан 475 мың оқушыға қаржылай көмек көрсетіледі

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов аз қамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен және керек-жарақтармен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Elorda.info.

Аз қамтылған отбасынан шыққан 475 мың оқушыға қаржылай көмек көрсетіледі
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы мен керек-жарақтарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды қолдауға байланысты проблемалық мәселелерді бақылауға алуды тапсырған болатын.

Вице-премьер мектеп тауарлары бағасының алып-сату салдарынан өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы уәкілетті органдардың есептерін тыңдады. Сондай-ақ кеңесте Жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсету бойынша Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты ұсынылды.

Жыл сайын жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы (Жалпы білім беру қоры) аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетіледі. Жекелеген санаттағы білім алушыларға көмек көрсетуге бөлінетін қаржы киім, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын, мектеп керек-жарақтарын сатып алу, тамақтандыруды ұйымдастыру, қаржылық көмек көрсетуге бағытталады.

Осылайша, биыл Жалпы білім беру қоры есебінен өңірлер 475 мыңнан астам оқушыны қолдауды жоспарлап отыр. Бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 49 млрд теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін материалдық көмек көрсету орталықтандырылып, жергілікті атқарушы органдармен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жүзеге асырылды. 

Жалпы білім беру қорынан көмек алатын ата-аналардың тауарлар сапасы мен ассортименті бойынша өтініштерін ескере отырып, биыл ақшалай қаражатты тікелей ата-аналардың есеп карталарына аудару арқылы материалдық көмек көрсету тетігі енгізілді. Аталған өзгерістер:

- ата-аналардың киім, мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауын қамтамасыз етуге;

- әрбір балаға қаражаттың біркелкі көлемін белгілеуге (бірыңғай қағидат);

- ата-аналардың түрлі сауда орындарында сатып алу мүмкіндіктерін кеңейту есебінен мектеп формасының құнын төмендетуге;

- материалдық көмек көрсетудің ашық тетігін енгізуге бағытталған.

Сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою үшін Е. Тоғжанов білім беру ұйымдарында «қызу желілердің» үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және көмек көрсетуге ниет білдірушілерді (волонтерлер, кәсіпкерлер, меценаттар, ҮЕҰ және т.б.) тарту бойынша үгіт-насихат жұмысын күшейтуді тапсырды. 

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері