Нұр-Сұлтан 22.9°
×
23.06.2022, 12:11
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Тергеушілер психолог та болуы керек – полиция капитаны

Бүгін – Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі. Осыдан тура 30 жыл бұрын дәл осы күні «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданды. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт еді. Сақшылардың мерекесінде Elorda.info тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі әрі полиция капитаны Аят Естлеумен әңгімелескен болатын.

Тергеушілер психолог та болуы керек – полиция капитаны
Фото: Аят Естлеудің жеке мұрағатынан

Аят Естлеу бүгінгі таңда өмірін ішкі істер саласына арнап, ел тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп келе жатыр. Биыл оның осы салада жұмыс істеп жатқанына 6 жыл болады.

Тәжірибелі әрі білікті тергеуші өте маңызды қызметтің дәл ортасында жүріп, көптеген қылмыс бойынша тергеу амалдарын жүргізеді.

Тергеуші жұмысы – оңай іс емес. Кез келген ашылған әрі аяқталған қылмыстық істер адамды ерекше сезімдерге бөлейді. Бір ерекше атап өтерлігі, осы салада қызмет ететіндер сабырлы болуы керек деп есептеймін. Өйткені күн сайын түрлі қылмыстармен айналысамыз. Сол уақытта адамдар күйзеліске ұшырап жатады. Сол жағынан кішігірім мәселелер туындауы мүмкін, - дейді тергеуші.

Ол күнделікті жұмыспен қатар қалыпты форманы сақтауды да ұмытпайды. Жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданады, түрлі бағыт бойынша кітаптар оқиды. Аяттың айтуынша, тәртіп сақшысы болу үшін ең әуелі міндетті түрде мінез болу қажет.  Сондай-ақ бастаған ісің соңына дейін жеткізе білу қасиеті де болуы керек.

Аят Естлеу жұмыс істейтін саланың қызметкері болу өте үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бастысы мұндай қатаң тәртіпті ұстанатын жұмысты ол абыроймен атқарып келеді. Тергеуші өзі қызмет ететін сала жұмысы ұшқыр ойды, жылдамдықты, психологиялық және физикалық дайындықты қажет екенін жеткізді.

Бұл мамандық иелері жан-жақты болуы керек. Себебі ол түрлі салалар бойынша қылмыстық істерді ашумен шұғылданады. Ал сол істерді ашуға оның әр сала бойынша білімі қажет болады. Сондай-ақ кез келген іс бойынша тергеу кезінде күдіктің рас не өтірік айтқанын білу үшін психологиялық жағынан да өте білімді болғаны абзал, - деді ол.

Сөз соңында Аят Естлеу бүгінгі кәсіби мерекемен әріптестерін құттықтады.

Қазақстандықтардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет етіп келе жатқан барша әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Ел тыныштығы жолында аянбай қызмет етуде толағай табыстар тілеймін, - деп сөзін түйіндеді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі Аят Естлеу.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері