Нұр-Сұлтан 11.6°
×
21.06.2022, 16:05
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Волонтерлік қызмет әлемді құтқарады

Волонтерлік қызмет – көппен бірге жұмылып, жұртқа көмек көрсету. Бұл үрдіс әлемде кең етек жайып келеді. Бұдан Қазақстан да қалыс қалып жатқан жоқ. Статистикаға көз жүгіртсек, қазіргі таңда елімізде екі мыңнан аса волонтерлік ұйым бар. Олардың саны да жыл сайын артып келеді. Олар түрлі сала бойынша көпшілікке көмек қолын созады. Elorda.info тілшісі жануарларға қамқорлықпен қарауды көпшілік арасында насихаттайтын  «Birgemiz: Ayala» жобасының менеджері Қайыржан Айсинмен әңгімелескен болатын.

Волонтерлік қызмет әлемді құтқарады
Фото: дереккөз

Қайыржан Айсин – волонтер әрі экобелсенді. Ол туған өлкесі Петропавлда қоқысты бөлек жинау әдісін енгізуді алғашқылардың бірі болып қолға алған.

Work and Travel бағдарламасы бойынша АҚШ-та тұрып, шағын қонақүйде жұмыс істедім. Әр жұмыс аптасының соңында біз пластик қалдықтарын, шыны мен банкаларды жинадық. Осының барлығын өңдеуге тапсырдық. Ал орнына дүкеннен тауар сатып алуға түбіртек берілетін. Сондай-ақ тұтынушы кәдеге жаратуға қағаз тостаған жібергені үшін оған бес цент сыйақы беріледі. Сондықтан мен туған жерге оралғанда қоқысқа басқаша қарайтын болдым, - дейді Қайыржан Айсин.

Осылайша, ол өз күшімен қалдықтарды жинау жүйесін құру идеясы пайда болғанын айтады.

Бөлек жинау мәдениетін енгізумен қатар, айналаны қоқыстан тазартып, қоқысты жинауды бастадым. Кейін басқа белсенділер туралы білдім. Біз бірігіп, экосенбіліктер өткізіп, экотәрбие сабақтарын жүргізе бастадық. Экологтың ең маңызды қасиеті  - жауапкершілік. Біз тұрмыстық қалдықтар, табиғат, қолға үйреткен жануарлар үшін жауаптымыз. Өйткені жануарлардың тіршілігі тікелей адамға байланысты екені баршамызға белгілі. Өйткені төртаяқтылар өздеріне көмектесе алмайды емес пе? Сондықтан «Green help» командасының құрамында «Birgemiz: Ayala» жобасын жүзеге асыруды жөн көрдік, - дейді экобелсенді.

Бұл қоғамдық бірлестік ұжымының құрамына белсенді және қамқор адамдар кіреді.  

Біз экологиялық білім беру және іс-шаралар, қоршаған ортаны, жануарлар мен табиғатты қорғау, Қазақстан халқының әлеуметтік осал топтары арасында өмір сүру сапасын жақсарту бойынша және т.б. бағыт бойынша жұмыс атқарамыз, - дейді ол.

Оның айтуынша, «Birgemiz: Ayala»  жобасы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жоба көпшіліктің жануарлар мен төртаяқтыларға жауапкершілігін арттырып, қоғамдық мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді.

Жыл сайын түрлі қоғамдық шараларға кем дегенде 2000 волонтер өз үлесін қосады. Олардың жартысынан көбі жастар және 50-ге жуығы тәжірибесі бар адамдар. Тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын жүзге жуық жануарды құтқарып отыруды мақсат еттік. Тіпті осы жобаны жүзеге асыру үшін тиісті ұйымдармен кемінде бес меморандумға қол қойылады, - деді Қайыржан Айсин.

Одан бөлек, волонтерлік бастамаларды іске асыру мақсатында 30 шағын грант бөлінеді. Сонымен қатар үйсіз жануарлардың мәселесін шешуге бағытталған түрлі акция өткізіледі.

Қайыржан осы уақытқа дейін атқарылған істерге де тоқталды.

Ұлттық волонтерлік ұйымдармен бірлесе отырып, «Балто» үйсіз жануарларға арналған паналау баспанасына көмек көрсетілді. Оған құрылыс материалдары сатып алынды. Кейіннен балалар олардан жануарларға арналған үйшік тұрғызды. Сондай-ақ ауласын күл-қоқыстан тазартты. Бұл игі ісіміздің басы ғана деуге болады, - деді «Birgemiz: Ayala» жобасының менеджері Қайыржан Айсин.

Олар қазіргі кезде шағын гранттар байқауын өткізіп жатыр. Оған мемлекеттік емес ұйымдар, 18 жастан асқан адамдар, бастамашыл топтар қатысып, өз мүмкіндігін сынай алады. Ал байқау нәтижесі бойынша 30 жеңімпазға елдің кез келген аумағында әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға жол ашылады. Бір ерекше атап өтерлігі, әр гранттың жүлде қоры – 300 мың теңге.

Біздің хайуанаттар бағының волонтерлері тренингтен өткен соң төртаяқтыларға көмек көрсете алады. Және олар Жануарларды құтқару қызметінің қатарына қосылады. Мұндай бөлімшелерді кем дегенде 3 қалада (Нұр-Сұлтан, Петропавл және Шымкент) ашуды жоспарлап отырмыз. Мұнда еріктілер үйсіз жануарларға көмектеседі және кез келген адамға төртаяқты досын табуға өз септігін тигізеді, - деді жоба менеджері.

Ол елімізде волонтерлік бастамалардың белсенді түрде дамып жатқанын жеткізді.

Волонтерлік бастамаларды ұйымдар, оның ішінде мемлекеттік органдар қолдап отыр. Жуырда Алматыда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген волонтерлік ұйымдардың конгресі өтті. Кездесу барысында әріптестерімізбен «Birgemiz» жобасы аясындағы әріптестікті, ортақ жоспарларды және өзара ынтымақтастығымызды талқыладық. Сондықтан түрлі бағытта жұмыс істейтін белсенділер бірігіп, бір-біріне қолдау көрсететіні қуантады, - деді Қайыржан Айсин.

Бір айта кетерлігі, волонтерлік бағдарламаның жастар мен студенттерге берері мол. Олардың түрлі акция мен іс-шараға қатысумен қоса жобаларды жүзеге асыруға қаржы алуға да мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ жаңа білім алуға, өзін-өзі жетілдіруге де барлық жағдай жасалған.

Қайыржанның алдағы жоспары – әлемді жақсартып, адамдарды, табиғатты және жануарларды экологиялық құлдыраудан құтқару.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері