Нұр-Сұлтан 14.5°
×
23.05.2022, 17:53
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Конституциялық реформаларды талқылады

М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінде конституциялық реформалардың өзектілігін талқылау жиыны өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Конституциялық реформаларды талқылады
Фото: Оңалхан Өнерхан/Elorda Aqparat

Жиынға Жоғары оқу орындары қауымдастығының мүшелері, заң факультеттерінің студенттері мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты. Отырыс қатысушылары елімізде референдум 1995 жылдан бері өткізілмегенін атап өтіп, маңызды мәселелерді өзара талқылады.

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Башимов алдағы референдумның және Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.

Еліміздің Ата заңына енгізілетін түзетулер мен өзгертулер жобасының ауқымды бөлігі адам құқығы мәселелеріне арналған. Басты мақсат –  халыққа пайда әкелу. Азаматтар мемлекеттік билікті атқаруға қатысуға беріліп отырған мүмкіндіктерді, өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында беріліп отырған мүмкіндіктердің мәнін терең түсіне отырып, референдумға белсене қатысады деп ойлаймын, – деді ол.

«Тұран-Астана» университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Гүлжамал Жапарова халық арасында референдумға байланысты сұрақ көп қойылғанын айтты.

Осыған дейін де бірқатар кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Халық арасында саяси белсенділік деңгейі жоғары болады деп ойлаймын. Бірақ бізге қойылып жатқан сауал мен айтылып жатқан пікір көп. Мәселен, жер мен жер қойнауындағы байлық қазір мемлекеттік меншік делік. «Алдағы уақытта халық иелігіне өтсе, одан тиер пайда қандай», «кез келген мемлекет халықтан құралмай ма?», «халықты таныстырып, оның мүддесін қорғайтын мемлекеттің өзі емес пе?» деген сұрақтар да бар, – деді ол.

Жиын соңында қауымдастық мүшелері студенттермен бірге Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде пікір алмасты.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері