×
14.05.2022, 15:07
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!
Мақалада:

Отбасы күніне орай елордада жас жұбайлар некелерін қиды (ФОТО)

Халықаралық отбасы күні аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бастамасымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен жас жұбайларға неке куәлігін табыс­тау рәсімі салтанатты түрде өтті. Неке қиюға өтініш білдірген жастар әртүрлі салада еңбек етеді. Арасында мұғалім, дәрігер, кәсіпкерлер бар, деп хабарлады Elorda.info.

Отбасы күніне орай елордада жас жұбайлар некелерін қиды (ФОТО)
Фото: Василий Крась

Олар өздерінің отбасылық өмірінің алғашқы қадамын Есілдің сол жағалауындағы «Бәйтеректің» биігінде жасауын жақсылыққа балап, маңызды сәт екенін айтты. Қазақы ұғымымызда жайқалған бәйтеректей жапырақ жайып, орманға айналсын деген ұғым жұбайлардың бүгінгі арман-тілегімен ұштасып жатты.

Жастардың қуанышымен бөлісіп, жас жұбайлардың өміріндегі алғашқы  маңыз­ды сәттің куәсі болуға келген туған-туыстарымен бірге Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қарлығаш Саркенова да келіп, құттықтады.

Вице-министр Серік ­Егізбаев атап өткендей, статистикаға сәйкес, Қазақстанда некелердің ең көбі көктемде тіркеледі екен.

«Махаббаттың құдірет күші әлдилдеп, табыстырған екі жастың жүрегін» деген өлең жолдарындай сіздер бұл өмірде бір-бірлеріңізді тауып, өмірге бірге қадам басып жатырсыздар! Осындай қуанышты күні біріншіден, ата-аналарыңызды құттықтаймын. Әрбір ата-ана үшін үлкен бақыт – өздерінің балаларының бақытын көру. Бүгінгі құрып жатқан шаңырақтарыңыз биік болсын, керегелері кең болып, қазандарыңыз қаспақты, балаларыңыз он шақты болсын, – деді С.Егізбаев.

Жастармен әңгімелесу барысында өмірге маңызды қадам басқалы тұрған жұбайлардың отбасы құндылықтары, алдағы өмірі туралы ойы тоқтаған, қазақы дәстүрлердің алға апарушы міндеттерін түсінетіні қуантты.

Ұлттық салт-дәстүрді сақтап, бала тәрбие­сінде адамзаттық ұлттық құндылықтарға негізделсе, отбасының іргесі мықты болады. Әлеуметтік орта да жас жұбайларға ықпалдасып, олардың  өнегелі отбасы болуына мүдделі. Біз қоғамымызда ажырасудың аз болғанын қалаймыз, сондықтан отбасы институтын кеңінен насихаттауға тырысамыз,  - деді Есіл аудандық АХАЖ бөлі­мінің басшысы Раушан ­Зарирова.

Бұл салтанатты рәсім Отбасы күніне орай елордада өтетін іс-шаралардың шымылдығын түрді. Мұндай мағыналы шаралар отбасы мәртебесін көтеріп, ортақ құндылықтарды дәріптеуде орны ерекше болмақ.

Айгүл Уайсова

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері