Нұр-Сұлтан 9.2°
×
05.04.2022, 16:02
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Мұғалім мықты болса, репетитор не үшін керек

Елордада 205 мың оқушы бар. Қалада қосымша білім берумен айналысатын 11 ұйым бар, онда 142101 бала білімін толықтырып жатыр. Осылайша, елордалық оқушылардың 74 пайызы қосымша біліммен қамтамасыз етілген. Оның ішінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасы балалары қосымша біліммен тегін қамтылған, деп жазады Elorda.info.

Мұғалім мықты болса, репетитор не үшін керек
Фото: Elorda.info

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді қағазбасты жұмысқа салғандарға айыппұл салынатыны жайлы ескертіп: «Мұғалімді қызметтен тыс жұмысқа тартқан адамдарға басында ескерту жасалады. Одан кейін 20 АЕК көлеміндегі тиісті айыппұлдар бар» деген болатын. Алайда қағазбастылықтан арылып, мектеп мұғалімдерінің жалақысы өскенімен, баласын қосымша сабаққа апаратын ата-­ана көбейді. Бұл қаншалықты пайдасын беруде және зияны қандай екенін зерттеп көрдік.

Финляндияда баланың сабақ үлгерімі нашарласа, мұғалімнің біліктілігі төмен деп бағаланады. Үлгерімі төмендеген оқушымен мұғалім жеке жұмыс істеп, оқу үлгерімін жақсартуға тырысады. Ал оқушысының білім көрсеткіші төмендеген мұғалімді бірден білімін көтеруге түрлі оқуларға жібереді. Мұғалім беделі, жалпы оқушы алдындағы жауапкершілікті көруге болады. Қазақстанда репетиторлық қызмет бойынша сұраныстың жоғары екенін сайттағы жарнамалардан көруге болады. Оқытушылардың электронды анкеталары жинақталатын repetitor.kz сайтында 300 мыңға жуық адам тіркеулі тұр. Олардың ішінде негізгі пәндер бойынша – математика (5028), ағылшын тілі (5790), физика (1686) және қазақ тілінен (1869) мамандар көп тіркелген. Осыншама санды көріп отырып, қажеттіліктің де жоғары екенін байқауға болады.

Бұрын сабақ үлгерімі нашар оқушыларға қосымша сабақ тегін өткізілетін. Ал қазір мұны репетиторлар өткізеді. Репетиторлықты қосымша кәсіп етіп жүргендер жыл сайын артып келеді. Бос уақытында баланың үйіне барып немесе өз пәтеріне шақырып та сабақ өткізе беру тиімді. Олардың әр сағаты 1 пән бойынша – 3000-10000 теңге арасы. Репетитордың тәжірибесі мен пәннің күрделілігіне байланысты. Мәселен, бір пән бойынша аптасына 3 рет сабақ өтсе, 9000 теңге болады. Бұл бір балаға 1 апта бойынша кететін бюджет екенін ескерсек, көпбалалы ата-аналар сонда қайтпек?

Бірнеше жылдан бері мұғалім әрі репетитор болып қызмет етіп жүрген Гүлназ Әбдісаматованың айтуынша, сабақта мұғалімнің айтқанын дұрыс түсінбей жүрген оқушылар орталыққа жиі келеді.

Репетитор мен мұғалімнің аса қатты айырмашылығы жоқ. Репетитор оқушымен жеке немесе 3-4 оқушыдан құралған топ арқылы жұмыс істейді. Ал мұғалім бүкіл сыныппен жұмыс істегендіктен уақыт жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі әр балаға жеке көңіл бөлу керек. Репетиторда уақыт жеткілікті болғандықтан, әр баламен жұмыс істеп, қызықты тапсыр­малар орындайды. Оқушы да назарын тек бір тақырыпқа аудара отырып, түсінікті жауап алады. Орталыққа келіп, репетитор жалдайтындардың көпшілігі – 11-сынып оқушылары. Бұдан бөлек, түрлі сыныптағы оқушылар да жиі келеді. Ата-аналар қазіргі таңда баласының үлгерімі көңілінен шықпаса, бірден репетиторға жүгінеді. Көпшілігінің репетитор жалдауға жағдайы жете бермейтіні анық. Дегенмен жеке репетиторлармен келісуге болады деп айтар едім. Өзім мектепте мұғалім болып та істедім. Жалпы сыныпта оқушының қосымша білім алуына еш кедергі жоқ. Тіпті арнайы қосымша сабақтар қойылған. Бірақ оқушылардың кейбірінің уақыты келмейді немесе құлшынысы жоқ деп айтар едім. Ал өзі сұранған оқушыларға міндетті түрде қосымша сабақ беруге тырыс­тым, – деді репетитор.

Репетиторлықты қосымша кәсіп етіп жүргендер жыл сайын артып келеді. Бос уақытында баланың үйіне барып немесе өз пәтеріне шақырып та сабақ өткізе беру тиімді. Олардың әр сағаты 1 пән бойынша – 3000-10000 теңге арасы.

Ата-аналардың балаларына репетитор жалдауының себептерін бірнеше топқа бөліп айтар едік. Олардың бір тобы жұмыстан қолы босамай, баласымен бірге сабақ қарауға уақыты жетпейді. Сондықтан, оны сенімді маманға тапсырады. Ал кейбіреулері репетитор көмегіне жүгіну арқылы бала үлгерімін үнемі арттыруды қалайды.

Дария Талапова немересін 2 жылдан бері қосымша оқу орталығына апарып жүр.

Немерем 2-сыныпта оқиды. Оқуы нашар деп айта алмаймын, дегенмен репетиторға апарудың артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Себебі күннен күнге ілгерілеушілік байқалады. Қазірден білімі мықты болса, болашақта да тез игеріп кететініне сенемін. Бала болған соң бағыттап отырамыз. Бірақ қосымша білім бәрібір қажет, – Дария Талапова.

35 жыл мұғалім болып қыз­мет еткен зейнеткер Сара Амандықова бос уақытында химия пәнінен репетитор болып онлайн қызмет етеді.

Зейнет жасына шыққаннан кейін бос уақытым көп болды. Мұғалімдердің жалақысы біздің елде әлі де төмен. Жүктемесі әлі де жоғары, оған төленетін еңбекақысы сәйкес емес. Ұстаздың зейнетақысы да аз. Басқа елдерде ұстаздардың еңбекақысы мен зейнетақысы салыстыруға келмейді. Қазақстандық ұстаздың зейнет­ақысы бүгінгі күні – 150 мың, ал халқы 1,5 млрд жуық қытай еліндегі қарапайым ұстаз қазақ қандасым (қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі) біздің ақшаға шаққанда 250 мың теңгеге парапар зейнетақы алады екен. Ал енді қосымша сабақты ақылы өткізуге неге келіскенімді ойлай берсеңіз болады. Жалпы карантин кезінде жұмысым жақсы жүрді деп айтар едім. Ата-аналардың көпшілігі онлайн түрде қызмет алғысы келді. 1 сағатқа – 3000 теңге, бір тақырып бойынша талқылап шығамыз. Қазіргі таңда мұғалімдерде қағазбас­тылық азайғанымен, портал толтыру секілді онлайн жұмыстар, ұйымдастырушылық қызметтер көп. Сондықтан олардың сыныптағы 25 баланы бірдей қамтып, қосымша сабақ өткізбеуі де заңдылық шығар. Өзім ата-ананың жағдайына қарай ақыны өзгертіп отырамын. Себебі баланы мектепке апару-әкелуден бөлек, репетитор жалдауға бір баланың өзіне 1 айда көп қаражат кетеді. Дегенмен, баланың өзіне де байланысты. Егер қосымша сабақ өткізуге мұғалімнен өтініш жасаса, келісуі мүмкін. Тек оқушылар осыны ескермейді. Ал шырылдап жүретін ата-аналарды кейде аяймын, – деді Сара Амандықова.

Елордадағы жеке репетитор орталықтарынан қай пәндерден репетиторға сұраныс жоғары екенін сұраған едік. Бастауыш сыныптармен қатар физика, химия, математика және ағылшын тілі пәндері жиі қажет екенін айтты. Білім сапасын жақсарту үшін жеке жұмыс істеудің әсері мол. Ал осы тұрғыда репетитор көмегі көп екені рас. Бірақ үнемі репетиторға сенген оқушының өз бетінше сабақ оқу дағдысы төмендейді. Сол үшін де үйге берілген тапсыр­маны өз бетінше орындаса да, күмәнданып тұрады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері