Нұр-Сұлтан 17.9°
×
18.03.2022, 16:30
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

«Атырау волонтерлер штабы» мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйін жөндеп берді

Жақында «Атырау волонтерлер штабы» волонтерлері облыстағы мүмкіндігі шектеулі екі қарттың үйлеріне тегін жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді, деп хабарлады Elorda.info.

«Атырау волонтерлер штабы» мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйін жөндеп берді
фото: ашық дереккөзден

Игі жұмысты ұйымдастыру мақсатында жергілікті еріктілер тобы @qarttargakomek атты Instagram парақшасын ашып, аймақ тұрғындарынан қажетті қаражатты жинады.

Атырау облысының тұрғыны, журналист Жанат Жақсыбайқызының айтуынша, қарттардың үйіндегі дүние-мүлік ескіріп кеткен.

Қарттардың үйлерін жөндеу мақсатында қажетті қаражат жинай алмаймыз ба деп қорыққан едік. Халық қолдап, қаншама азамат көмектесеміз деп хабарласып жатыр. Жақсылыққа жаны құштар азаматтардың бар екені осының айқын дәлелі. Осының барлығына қуанып, риза болып жатырмыз. Өйткені, қарттардың үйіндегі дүние-мүлік тым көне, тозығы жеткен. Қаражат ауысып жатса, керек заттарын алып берсек дейміз, – деді Ж. Жақсыбайқызы.

Осы ретте, аймақ еріктілері игі іске қолдау көрсеткен барлық азаматқа алғыс айтты.

Кешелі бері Мира Есниязова бастаған атыраулық еріктілер қарттардың үйлерін тазалап, жөндеу жүргізіп беруде. Осы ретте, Құспан молла мешітінің бас имамы Эммат Гумаров бастаған ұжым мен мешіт жамағаты 750 мың теңге қаржы жинап берді. Мұқтаждардың мұңын көріп, үнсіз қалмаған мешіт ұжымына ризамыз, – деді ұйымдастырушылар.

Осылайша, еріктілердің көмегімен қариялардың үйлері күрделі жөндеуден өтіп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы блок-бекеттерде ЖОО әскери бөлімінің мұғалімдері және дене шынықтыру пәні мұғалімдері жағдайы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж отбасыларға көмектесті. Тағы да айта кетерлігі, биыл қаңтарда Атырау қаласында ешбір туысы жоқ жолаушылар мен жолсеріктерге «Мейірім» еріктілер клубы мүшелерімен бірге ыстық тамақ пісіріп, таратты.

Ақпарат ретінде айта кетсек, 2022 жыл қарсаңында өңірдегі 70 белсенді волонтер облыстық әкімдіктің тапсырмасымен 7000 балаға арналған сыйлықтарды дайындауға атсалысып, 4 күн бойы сыйлық таратуға жұмылдырылды. Сонымен қатар «Волонтерлер мектебі» жобасы аясында Атырау облысында 465 волонтер «Базалық реанимация. Жедел жәрдем қызметкерлері келгенге дейінгі алғашқы көмек» және «Төтенше жағдайлардың алдын алу» тақырыптары бойынша оқыту тренингінен өтіп, білімдерін шыңдады. Сондай-ақ «Волонтерлер мектебі» жобасының аясында «Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Азаматтық орталығы» КММ арасында ынтымақтастық пен өзара бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты – төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайтуға ықпал ету, бұған қоса адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, олар туындаған жағдайда материалдық шығын мөлшерін азайту. Алдағы уақытта құтқару жұмыстарына атсалысатын волонтерлерге тегін суда жүзу, өрт сөндіру құралдарын пайдалану жұмыстары оқытылатын болады.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері