Нұр-Сұлтан 9.9°
×
28.02.2022, 12:30
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!
Мақалада:

Маңғыстаулық волонтерлер игі істің бастамашысы болып жүр

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында волонтерлікпен айналысатын 9 бастамашыл топ пен 6 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік волонтерлік бағытында жұмыс істейді, деп хабарлайды Elorda.info.

Маңғыстаулық волонтерлер игі істің бастамашысы болып жүр

Өңірдегі волонтерлер корпусының жетекшісі Мұқаш Оралбайдың айтуынша, өңірде 2 856 волонтер бар. Оның 1 048-і – 18 бен 29 жас аралығындағы волонтерлер.

Бүгінде Маңғыстау облысындағы волонтерлер фронт-кеңсесінің жұмысын облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Жыл бойы өңірлік фронт-кеңсе аймақтағы волонтерлік ұйымдар мен бастамашыл топтарға әкімшілік, консультативтік және ақпараттық қолдау көрсетуде.

Биыл біздің өңірдегі волонтерлік ұйымдар 500-ге жуық шара өткізді. Атап айтқанда, «Біз адамбыз – біз біргеміз» қоры  жалғызбасты аналарға тегін массаж курсын ұйымдастырып келеді. Сондай-ақ Ақтауда осы қор мен «Клуб добряков Актау» бастамашыл тобының әлеуметтік дүкені қызмет атқаруда. Одан бөлек, «Атадан мирас», «Үммет жастары», «Қадам», «Горький жастары», «Жаңаөзен-көмек» және т.б. бастамашыл топтар жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасы санатына жататын азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіп келеді, – дейді М. Оралбай.

Сонымен қатар «Атадан мирас» қоғамдық қоры мен қала волонтерлері «Қарлығаш» жобасы аясында жағдайы төмен және көпбалалы аналарға арналған кондитерлік шеберлік сыныбын өткізген. Маңғыстау облысының волонтерлер корпусы Ақтаудағы түзету мекемесінде сотталған азаматтарға кітап сыйлау науқанын ұйымдастырған. «Открой своё сердце» қоғамдық қоры 40-ға жуық ерекше күтімді қажет ететін баланы «Rixos Water World Aktau» қонақ үйінің «Тetysblu» паркіне, 50-ге жуық қамқоршысынан айырылған баланы Саура шатқалына апарып, сыйлықтар табыстады. Былтыр аталған топ мүшелері «Эко Мангистау» ҮЕҰ ұсынымен 9,5 тонна гуманитарлық жүкті қабылдап алды. Оны өңірдегі 73 ардагерге (әрқайсысына 130 кг азық-түлік) үлестірді.

2017 жылы волонтерлар қатарына қосылдым. Волонтер ретінде көптеген облыстық, халықаралық шараға қатыстым. Мүдделес, пікірлес көп дос таптым. Волонтер болу арқылы көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуді, жауапкершілік алуды және ел алдында еркін сөйлеуді үйрендім, – дейді біраз жылдан бері волонтер болып, игі істерге атсалысып жүрген Асылқайыр Жидебаев.

Өңірдегі волонтерлерді ынталандыру ісі де ұмыт қалып жатқан жоқ. Жыл сайын өңірдегі волонтерлік жобаларды жүзеге асырып, қоғамдық қызметте айтарлық жетістікке жеткен еріктілерді ынталандыру мақсатында «Volunteer Corps Awards» премиясы өткізіледі. Сонымен қатар өңірдегі корпоративтік волонтерлікті және бизнес қауымдастықпен әріптестікті дамытып,  волонтерларды ынталандыру мақсатында волонтерлерге арналған жеңілдіктер желісі іске қосылды. Оның аясында белсенді волонтерлер өңірдегі ойын-сауық кешендердің, мәдени-спорттық орталықтардың, қоғамдық тамақтану орындарының қызметін жеңілдікпен пайдалана алады. Волонтерлерге арналған жеңілдіктер желісіне «Жалын 3Д» және «Nar Cinema» кинотеатры, «CHOCO» отбасылық мейрамханасы және т.б. кәсіпкерлер өз қолдауын білдірді.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері