Нұр-Сұлтан -11.9°
×
13.01.2022, 18:00
Elorda Aqparat
Elorda Aqparat
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Елорданың блокбекеттерінде 50 мыңға жуық автокөлік тексерілді (ВИДЕО)

Елордада құқық қорғау органдары қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісінше қамтамасыз етуде. Қаладағы жағдай толық бақылауда тұр, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Коменданттық сағат режимі сағат 23.00-ден бастап таңғы сағат 07.00-ге дейінгі аралықта жалғасуда.

Төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты қалада жедел-алдын алу іс-шаралары өткізіліп, полицейлер тұрғын үйлерге тексеріс жүргізуде. Осы кезең ішінде учаскелік полиция инспекторлары құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу және көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында 4649 жалдамалы тұрғын үй мен 420 хостелде тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеріс барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 1372 фактісі анықталып, 38 шетелдік азамат елден шығарылды.

Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша 318 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елордадағы жол қауіпсіздігі де бақылауда тұр.

Полицейлер төтенше жағдай кезінде масаң күйде көлік құралын басқаруға қатысты 10 фактінің жолын кесті. Соттың шешімі бойынша жүргізушілер қамауға алынды.

Осы қиын кезеңде азаматтардың тарапынан бейқам жүруге жол берілмеуі тиіс. Төтенше жағдай кезеңінде алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынатынын естеріңізге саламын. Құқық бұзушылар анықталатын болады және лицензиясынан айыруға дейін қатаң жазаланады, – деді қалалық ПД бастығы, елордалық комендант Ержан Саденов.

Полицейлер, әсіресе, блокбекеттерге ерекше көңіл бөлуде.

Блокбекеттер қойылған сәттен бастап тыйым салынған заттарды анықтау үшін шамамен 50 мың автокөлік тексерілді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша және блокбекеттерде екі тегіс ұңғылы «Сайга» қару-жарағы, «РГД-5» оқу-жаттығу гранатасы, «СVvz.27» маркалы тапанша, оқтан қорғайтын күртеше, оқ-дәрілер, 11 бита, бес резеңке таяқ, кастеттер, дубинкалар, аэрозольдік тапанша, кісендер және бұрышты балоншалар тәркіленді.

Барлық фактілер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Блокбекетте есірткі құралдарын заңсыз сақтау бойынша екі фактінің жолы кесілді.

Блокбекетте автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында ұрлық жасады деген күдікпен 26 жастағы жолаушы анықталды. Бұған дейін оның маусым айында Павлодар қаласында ұрлық жасағаны анықталды. Сондай-ақ өзге автокөліктің 36 жастағы жолаушысы Қарағанды қаласында осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін ұсталды.

Күдіктілер блокбекетте ұсталып, оларды іздеу туралы бастама көтерген бөліністерге тапсырылды.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда ержүректері