Нұр-Сұлтан 18.8°
×
31.12.2021, 16:55
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Сенат төрағасы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында халықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info

Сенат төрағасы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Фото: ашық дереккөз

Баршаңызды келіп жеткен жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Осы жылда ел болып Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық торқалы тойын атап өттік. Экономикалық, әлеуметтік бағыттарда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Пандемиямен күрес жұмысы да өз нәтижесін берді.

Осы жұмыстың бәріне Парламент Сенаты өзінің үлесін қосты. Биыл Парламент Президентіміздің тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін 104 заң қабылдады. Әр төртінші заңға депутаттар бастамашы болды.

Олардың қатарында еліміздің экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, отандық өнеркәсіпті жетілдіруге, адам құқықтарын қамтамасыз етуге және басқа да мәселелерге қатысты маңызды заңдар бар.

Биыл Сенат заң шығарумен қатар, парламенттік қызметтің өзге де бағыттары бойынша нәтижелі жұмыс істеді. Сенаторлар маңызды тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 100-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Палата қабырғасында қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерге арналған 80-нен астам іс-шара өткізілді. Олардың ішінде өңірлердегі мәселелерді шешуге, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған бастамалардың маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сенат төрағасы алдымызда әлі талай ауқымды міндеттер тұрғанын айтты.

Сондықтан Сенат өз жұмысын жаңа жылда жаңаша екпінмен жалғастыра береді. Еліміздің алдында тұрған мақсаттарды ұлт болып ұйысып, табысты іске асырамыз деп сенемін.

Келер жылда еліміздің ырыс-ынтымағы арта берсін. Жаңа жыл әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін. Баршаңызға зор денсаулық, амандық және жаңа жеңіс тілеймін.

Жаңа жыл құтты болсын! – деді ол.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері