Нұр-Сұлтан 28.4°
×
08.10.2021, 14:50
Қызық па? Жаңалықты достарыңызбен бөлісіңіз!

Зейнеткерге камера алдында кешірім сұратқан әкім тергеліп жатыр

Баянауылда зейнеткерді видеоға түсірген Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ыбыраев тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Elorda.info pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Зейнеткерге камера алдында кешірім сұратқан әкім тергеліп жатыр

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өңірлік департаменті ауыл әкіміне қатысты қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.
 

- Қазіргі уақытта ауылдық округ әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғалды. Сол бойынша қызметтік тергеу жүргізетін боламыз, - деп нақтылады ведомствода. - Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады. Егер жауапты адамның кінәсі расталса, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Тәртіптік нормаларды бұзғаны үшін жасалған теріс қылықтың ауырлығына байланысты ескертуден бастап жұмыстан шығаруға дейін тәртіптік жауапкершілік көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, Баянауыл ауданында Егіндібұлақ ауылын қар басып қалған болатын. Жергілікті тұрғын Майя Манашева қар басқан ауласын видеоға түсіріп, туыстарына жіберген. Кейін видео әлеуметтік желілерде пайда болды. Оның артынан желіде әйелдің кешірім сұрағаны түсірілген тағы бір видео тарады.

Кейін аудан әкімдігінде болған жағдайға қатысты түсініктеме берді: ауыл әкімі Самат Ыбыраев әйелге көмек керек пе екенін білу үшін келген. Ол аудан әкімінің әлеуметтік желілердегі шағымдарға байланысты әрекет ету туралы тапсырмасын орындау үшін зейнеткерді видеокамераға түсіргенін түсіндірген. Майя Манашева шағымы жоқ, көмекке мұқтаж емес екенін, әлеуметтік желіде видеоны кімнің жариялағанын білмейтінін айтты.

Ал Баянауыл ауданының әкіміне қоластындағы адамның әрекеті үшін кешірім сұрауға тура келді.

Ең өзекті жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан және Facebook-тегі парақшамыздан қараңыз
Ақпарат ағыны

Елорда үздіктері