Конго Демократиялық Республикасының солтүстік-батысында Конго өзеніндегі кеме апаты салдарынан кем дегенде 180 адам із-түзсіз жоғалды. Бұл туралы жергілікті билік мәлімдеген. Бұл туралы Elorda.info Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Мбандаки (Экватор провинциясының әкімшілік орталығы) өзен комиссары Мбойо қайғылы оқиға туралы мәлім еткенімен нақты деректерді айтқан жоқ. Ескі кемеге 600-ге жуық жолаушы артық мінген, деп хабарлады БҰҰ қолдауындағы БАҚ-тың бірі Radio Okapi кейбір аман қалғандардың куәлігіне сілтеме жасап.
Кемеде адам денелері қалды. Біз кем дегенде үш адамның мәйітін көрдік. Бірақ олардың нақты санын білмейміз, себебі із-түссіз жоғалғандар көп, - деп хабарлады куәлердің бірі.
Бүкіл КДР-да, әсіресе, Конго өзенінде кеме апаттары жиі болып жатыр. Оған кемелердің әдетте түнгі уақытта жүруі, шамадан артық жүк тиеуі, сондай-ақ олардың нашар жағдайы себеп болып отыр.